Жамбыл облысында мемлекеттік қорық аумағынан ақбөкен аулағандар ұсталды

521

Жамбыл облысының полицейлері "Аңдасай" ерекше қорғалатын мемлекеттік табиғи қорықша аумағында "Киік" республикалық шарасын өткізу барысында ақбөкен аулап жүрген екі адамды ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz ақпараттық медиа порталына сілтеме жасап.  

Жамбыл облысында мемлекеттік қорық аумағынан ақбөкен аулағандар ұсталды Фото: polisia.kz

Тексеру кезінде ұсталғандардан ақбөкеннің кесілген тушалары, екі аңшылық тегіс ұңғылы мылтық, оқ-дәрілер мен пышақ табылып, тәркіленді. 
Күдікті Мойынқұм ауданының 23 және 24 жастағы тұрғындары болып шықты.


"Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабы 4-бөлігімен ("Заңсыз аңшылық") сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер кінәсін толық мойындады. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды", - деп мәлімдеді Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Бұл қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, алты мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу