Шу ауданында орналасқан "Тараз химиялық паркі" арнайы экономикалық аймағында 2018 жылдың көктемінен бастап ауылшаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыштар өндіріле бастайды, деп хабарлайды zhambylnews.kz.
Дайын өнім ТМД және Қытай мемлекеттеріне экспортқа жіберіледі. Бұл туралы Шу өңіріне жұмыс сапарымен барған облыс әкіміне экономикалық аймақ жетекшілері мәлімдеді.
Айта кету керек, "Тараз химиялық паркі" арнайы экономикалық аймағында 5 зауыт шоғырланады. Жалпы құны 34,2 миллиард теңгені құрайтын жоба 2036 жылға дейін химиялық өнімдердің 16 түрін шығарады. Нәтижесінде жылына 75 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, облыста химия кластерінің дамуына сеп болады деген жоспар бар.
- Шу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Өндіріс аймағы үшін өте тиімді. Қазір зауыттар шоғырланатын аймаққа инфрақұрылым жасақтау жұмыстары аяқталуға жақын. Электр энергиясын тарту 80 пайыз орындалды. Енді ішкі инфрақұрылымды реттеу керек. Зауыт жұмысшылары үшін жатахана, асхана, шаштараз қажет. Ертең кәсіпорындар іске қосылғанда мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Халық еңбек етеді. Біз жұмысшылар үшін қолайлы жағдай жасауды қазірден қолға алып, жобаларды жүзеге асыруымыз керек,-деді өңір басшысы.