Келісім Жамбыл облысында фосфат шикізатын өндіру, экспорттауға бағдарланған өнімді, минералдық тыңайтқыштарды және ілеспе индустриялық өнімдерді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар химиялық кешеннің құрылысы мен пайдаланылуын қамтамасыз ететін қажетті инвестициялық және нормативтік-құқықтық жағдайлар жасауды көздейді.
Жобаны ресейлік "ЕвроХим" компаниясы екі кезеңде жүзеге асырады. Бірінші кезеңі аяқталған, оның аясында тау-кен кешені пайдалануға берілді. Базасында 660 мыңға дейін фосфорит өндіру жолға қойылды. Жылына 640 мың тонна қуаты бар орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау торабы салынды. Инвестиция сомасы $126 млн құрады, 550 жаңа жұмыс орны ашылды.
Екінші кезеңде 1 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тарту көзделіп отыр.
Келісім аясында компания корпоративтік табыс салығынан, тауарлар импортына қосылған құн салығынан және мүлік пен жер салығынан босатылмақ. Сонымен қатар айналма автожолды салуға, теміржол инфрақұрылымын салу мен қайта жаңартуға арналған шығындарды өтеу, компанияның магистральдық темір жол желісінің, локомотивтік тартым мен жүк және коммерциялық жұмыс қызметтерін төлеуге арналған шығындары шығыстарының 50%-ын субсидиялау көзделеді.
Құрылыс 2019-2024 жылдары салынатыны жоспарланған. Зауытты 50 жыл пайдалануға болады деп белгіленген. Құжат бойынша шетелдік қызметкерлерді жалдау, шетелдік қызметкерлерге визалық қолдау мәселелері, тараптар арасындағы дауларды реттеу де қарастырылған.