Өрт сөндірушілер, орман шаруашылығы қызметкерлері және ерікті өрт сөндірушілер құрамы Жамбыл облысындағы шығуы қиын таулы жерлерде өртпен арпалысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
5 тамызда, түстен кейін Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшесіне құрғақ шөптің өртеніп жатқандығы туралы хабар түскен. Тілсіз жауды ауыздықтауға Жамбыл облысының өрт сөндіру қызметінің 40 өрт сөндіру машинасы мен 3 техникасы, орман шаруашылығының 35 адамы мен 5 техникасы, ерікті өрт сөндіру құрамасының10 адамы мен 2 техникасы жұмылдырылған.
Тұрар Рысқұлов ауданының әкімдігі өртпен арпалысып жатқан адамдарға азық-түлік жеткізді.
"Табиғи өртті сөндіру кезінде қайғылы оқиға болды. Ақыртөбе орман шаруашылығының орман қорықшысы биіктіктен құлап, қаза тапты", - делінген ТЖК хабарламасында.
"Қазорманавиақорғау" РМҚК мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан территориясындағы жалын шарпыған аумақ 200 гектарға жуық. Қазіргі уақытта аумақта өрт қайта өршімес үшін үздіксіз бақылауға алынған.