Жамбыл облысында республикалық жолдың бір бөлігі шайылып кеткен

Тасқынға қарсы 45 пойыз жасақталуда.  

Жамбыл облысында республикалық жолдың бір бөлігі шайылып кеткен  Фото: yandex.kz

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтып берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

"Айта кетейік, су тасқыны кезеңі басталғалы бері республикалық желі бойынша жолдың шайылып кетуіне байланысты жағдай Жамбыл облысында байқалған. Нақтырақ айтсақ, еріген судың шамадан тыс жиналуының салдарынан 22-ші ақпанда Бурылбайтал және Ақсүйек елді мекендерінің арасындағы учаскенің 3 жерінде айналма жол шайылып кетіп, көлік қатынасы Алматы – Қайнар – Шу – Бурылбайтал бағыты арқылы іске асырылды. Мердігер ұйым қалпына келтіру жұмыстарын жедел жүргізді", – деді министр. 

Теміржол көлігінің қозғалысы бойынша "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы су тасқыны кезеңінде шойын жол мен жасанды құрылыстарды сақтап, сонымен қатар пойыздардың үздіксіз қатынауын қамтамасыз етуге арналған техникалық-ұйымдастыру іс-шараларын бекітті. 

"Көктемгі су тасқыны кезеңінде тәуліктік кезекшілік пен қауіпті орындарға бақылау жүргізіледі. Тұтастай алғанда, 3 578 көпірді, 6 мыңнан аса су өткізу құбырын, таулы арықтарды және жол жыраларын қар мен мұздан тазарту жұмыстары басталды. Еліміз бойынша шойтас пен рельсті пакеттер және кондициясыз темірбетонды шпалдармен жарақталған  тасқынға қарсы 45 пойыз жасақталып жатыр", деді ИИДМ басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу