Жамбыл облысында сел қаупі бар аумақтар бақылауға алынды

386

Меркі өзені бойындағы қауіпті учаскелердің жағдайы тексерілді.  

Жамбыл облысында сел қаупі бар аумақтар бақылауға алынды Фото: gov.kz

4 шілде күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Меркі ауданына барып, Меркі өзені бойындағы сел қаупі жоғары учаскелердің жай-күйімен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өңір басшысына өзен арналарының қазіргі жағдайы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов пен ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" мекемесінің Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы Сұлтан Ақбердиев баяндады.

Облыс әкімі соңғы күндері таулы аймақтарда жауын-шашын мөлшерінің артуына байланысты сел жүруі мен су тасқыны қаупі күшейгенін атап өтті.

– Көктемгі су тасқыны кезеңі аяқталғанымен, қазіргі гидрометеорологиялық жағдай босаңсуға мүмкіндік бермейді. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен қызметтердің іс-қимылы нақты үйлестіріліп, қажетті техника мен күш-құралдар толық дайындықта болуы тиіс. Халықтың қауіпсіздігі – басты міндет. Сондықтан алдын алу шаралары бір сәтке де тоқтамауы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Өңір басшысы жауапты мекемелерге таулы аймақтардағы өзендердің су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді, қауіпті учаскелерді тәулік бойы бақылауда ұстап, жағдай өзгерген жағдайда жедел әрекет етуді тапсырды.

Жамбыл облысында сел қаупі бар 18 өзен бар. Қауіпті ерте анықтау мақсатында өңірдегі 8 гидробекетте тәулігіне үш рет мониторинг жүргізіледі. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 2 жедел топ пен 1 апаттық-механикаландырылған бригада құрылған.

Сонымен қатар сел қаупі бар өзендердің бойына 14 ескерту қалқаншасы орнатылып, 56 жерүсті зерттеу жұмысы жүргізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу