Жамбыл облысында Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды

846

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл. 

Жамбыл облысында Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды Фото: gov.kz

Жамбыл облысы Жуалы ауданында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды, деп жазады inbusiness.kz  Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Шерхан Мұртаза Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. 

Музейге жазушыға тиесілі тұрмыстық заттар, оның құжаттары, дипломдары, марапаттары, медальдары, отбасымен және достарымен бірге түскен фотосуреттері қойылған. Шерхан Мұртазаның кабинеті мен кітапханасы дәл сол қалпында сақталған. Музей-үйдің үшінші қабатында бильярд залы бар. Жазушы бильярд ойының шебері ретінде де танымал болған. 

"Шерхан Мұртаза шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Қызметін баспа редакторлығынан бастап, ұзақ жылдар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді. Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз. Көзі тірісінде баспасөздің баһадүрі, қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанды", – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Шара барысында жазушылар арасындағы "Ақиқаттың ақ туы" байқауы, "Шынның жүзі – Шераға" республикалық ақындар  мүшайрасының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Сонымен қатар А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері "Шер-хан" драма-элегиясынан үзінді көрсетті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу