Көмекке барлығы 400-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Патрульдік полиция батальондарының инспекторлары қар құрсауынан 500-ден астам автокөлікті шығарды.
"Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына және көріну деңгейінің шектелуіне байланысты Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық маңызы бар автожолдарында 160-тан 239 км-ге дейін, сондай-ақ Тараз – Шымкент учаскесінде 534-тен 593 км-ге дейінгі аралықта көліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабық", - делінген хабарламада.
Авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары қалпына келтіру-тазарту жұмыстарын жүргізуде. Нақтырақ айтқанда, Қаратау қаласының полицейлері аулаларды құлаған ағаштардан, қауіпті сымдардан, үйлердің төбесінен құлаған шатырлардан тазартып жатыр.
"Учаскелік инспекторлар өздерінің әкімшілік учаскелерін аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, тұрғындарға үйден шықпауға кеңес беріледі. Барша жұртты алыс сапардан бас тартуға шақырамыз", - делінген баспасөз хабарламасында.