Жамбыл облысының Жуалы ауданында тау-шаңғы базасы салынады. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалық етуімен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап өтілгендей, тау бөктеріндегі табиғаты көрікті Жуалы ауданында "Қар-Алма" аталатын тау шаңғы базасы бой көтереді. Демалыс аймағында облыс тұрғындары мен қонақтары биылдың өзінде-ақ демалуға мүмкіндік алады. Кешеннің құрылыс жұмыстары бірер күнде басталып, оны 5 айда бітіру жоспарланған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, мега жобаға атсалысуға шақырды.
"Бүгін облыстағы беделді азаматтарды жинап, назарларыңызға жоба ұсынғалы отырмыз (...) Қазірдің өзінде 4-5 адам қызығушылық танытып отыр. Келіссеңіздер болды. Жерді бөліп береміз. Тек бір талап бар. Алған соң желтоқсан айына дейін толық бітуі керек", - деді Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов.
Тау-шаңғы кешені Еуропалық стандарттарға сай салынбақ. Жоғары деңгейдегі қызмет, саф ауа, қолжетімді баға, жан қалауыңызға сай демалыс, қонақүйлер мен мейрамханалар - мұның бәрі жаңа кешенде болады. Ол Тараздан 100 шақырым қашықтықта орналасатын болады.
Облыс әкімдігінің мақсаты - инвесторларды сырттан тартпай, жергілікті кәсіпкерлерге мүмкіндік беру. Бұл болашағы зор жобаға тиімді қаражат құю арқылы кәсіпкерлер де қомақты табысқа кенелмек.
Жиын барысында кешеннің жоба-жоспарымен толық танысқан кәсіпкерлер де мұны жақсы түсінеді. Сондықтан да кейбірі ұсынысты бірден қолдап, 10 шақты коттедж салуға ниет білдірді.