Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Байзақ ауданының Сарыкемер ауылына кірген тұста үйлену тойы салтанатының шеруінде сап түзеген көлік кортежінің қатысушылары жасаған тыйым салынған маневрлерді анықтады.
"Бейнематериалды зерделеу барысында жол қозғалысы ережелері талаптарын бірқатар бұзу деректері тіркелді: мәселен, заңсыз орнатылған қызыл-көк түсті жарық сигналдары, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің болмауы, көлік терезелері мен люктерден бастары мен қолдарын сыртқа шығарып отырған жастар, дрейф және т.б. Құқық бұзушылардың жасы 22-27 жас аралығын құрайды", - делінген хабарламада.
Lada 21703 және BMW 530 маркалы көліктерінің иелері ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігінің (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабы 2-бөлігінің (Міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу), ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 2-бөлігінің (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу), ҚР ӘҚБтК 630-бабының 1-бөлігі (Жолдардың, темір жол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының зақымдануы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлімі (Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамау) бойынша BMW 525 көлігінің жүргізушісіне және ҚР ӘҚБтК-нің 603-бабының 2-бөлімі (Арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беру үшін құрылғылардың тиісті рұқсатынсыз көлік құралына орнату) бойынша Toyota Camry иесіне әкімшілік хаттамалар толтырылды.
"Көлік құралында арнайы жарық сигналдарын (строб шамын) беруге арналған құрылғыларды заңсыз орнату және қарсы қозғалыс жолағына шығу фактілері бойынша істің материалдары қарауға әкімшілік сотқа жіберілді. Көліктер айыппұл тұрағына қойылды. Тәртіп бұзушыларға жалпы сомасы 265 мың 650 теңге көлемінде айыппұл салынды", - делінген полиция мәлімдемесінде.