Жамбыл облысында төрт блок-бекет орнатылды

1279

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданындағы блок-бекеттің жұмысымен танысты. 

Жамбыл облысында төрт блок-бекет орнатылды

Жамбыл облысында коронавирусқа байланысты алдын алу шараларын күшейту мақсатында блок-бекеттер орнатылды, деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданындағы блок-бекеттің жұмысымен танысты. Мұнда күн сайын жүздеген адам өтеді десек, олардың дені Шымкент қаласынан келушілер. Аудандық полицияның мәліметінше, соңғы тәулікте мұнда 590 автокөлік пен 800 адам келген. Әрбір өтетін адамның деректері бойынша сауалнама толтырылып, ал медицина мамандары тепловизорлардың көмегімен олардың дене қызуын анықтайды. Бұл блок-бекетте барлығы 8 полиция қызметкері мен 15 медицина қызметкері жұмыс істеуде.

Осындай профилактикалық блок-бекеттер Қырғызстанмен шектесетін Қордай ауданында, Қарағанды облысымен шектесетін Мойынқұм ауданында, Түркістан облысымен шектесетін Сарысу ауданында да қойылған. Әрбір пунктте тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ондаған медицина, полиция және прокуратура қызметкерлері жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, өңір басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл ауданы Айша бибі ауылындағы "Super Pharm" ЖШС фармацевтикалық зауытына барды. Бұл кәсіпорын 2010 жылы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында ашылған. Қазір таңда мұнда 150 адам еңбек етуде. Зауыт жылына 15 миллион медициналық бұйымдар шығарады десек, олардың қатарында бинттер, бахилалар, медициналық халаттар мен маскалар бар. Коронавирус пандемиясына байланысты кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшкен. Соның нәтижесінде медициналық маска өндірісі тәулігіне 20 мыңнан 70 мың данаға дейін артып отыр. Кәсіпорын өз өнімдерін Жамбыл облысына және еліміздің басқа аймақтарына өткізуде. Жақында зауыттың екі жаңа корпусының құрылысы аяқталды, онда медициналық маскалар шығаратын тігін цехы орналасқан.

Бұдан соң облыс әкімі Тараз қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы мен көші-қон қызметі орталығына ат басын бұрды. Аталған мекеме қызметкерлері қолғаптармен, маскалармен және антисептиктермен қамтамасыз етілген. Арнайы медициналық пункттер ашылған. Қазір мұнда кеңес беру үшін колл-орталық жұмыс істейді, оған күн сайын 500-ден астам қоңырау түсуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу