Кездесу ҚР Премьер-Министрінің өңірге жұмыс сапары аясында өтті.
Айта кетейік, суармалы жерлердегі су тапшылығы әсіресе Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас аудандарында, сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында өткір сезіліп тұр. Алдын ала мәліметтер бойынша, дәнді жүгері көп жерде күйіп кеткен, қант қызылшасы, көкөніс және бақша дақылдары аздап зардап шеккен. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі бүлінген егіс алқаптарын нақтылап жатыр.
Облыста аймақтағы климаттың өзгеруі нәтижесінде Шу және Талас өзендерінің арналарының жеткіліксіз толуына байланысты су тапшылығы орын алып отыр.
Министр ауыл шаруашылығы жерлерін аралап, сондай-ақ аграршылармен қалыптасқан жағдайды талқылады. Ербол Қарашөкеев ведомствоаралық комиссияның жұмысы туралы айтып, аталған мәселенің бар екенін растады.
АШМ басшысы қазір өңірлік ауқымдағы ТЖ жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлерге келтірілген залалды өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. Бұдан басқа, субсидияларға қажеттілікті жабу және оларды төлеуді жеделдету бойынша жұмыс жүргізілетін болады. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ желісі арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша борыштарды ұзарту және қайта құрылымдау мәселесі пысықталып жатыр.
Министр сондай-ақ қазіргі заманғы суару жүйелерін енгізу кезінде көрсетілетін мемлекеттік қолдауды жетілдіру жоспарлары туралы айтты. Инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50% өтелетіні белгілі. Шаруаларды одан әрі қолдау мақсатында суару үшін ұңғыманы бұрғылау кезінде субсидиялау нормативін 50% - дан 80% - ға дейін арттыру жоспарлануда, оның 30% жергілікті бюджеттен өтелетін болады.
"Мемлекет басшысы өз Жолдауларында су ресурстарын есепке алуға ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты су беру жөніндегі субсидиялау қағидаларына есептеу құралдарының не өлшеу аспаптары мен қондырғыларының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде фермерлерге жеткізілген су көлемін айқындау бөлігінде, сондай-ақ суару тәсілдеріне байланысты су беру жөніндегі субсидияларды саралау бойынша өзгеріс енгізілді. Яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады. Ал дәстүрлі үстірт әдіспен суару кезінде субсидия нормативтері үш жыл ішінде жартысына дейін азаяды", - деді АШМ басшысы.
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста өңірдің агросекторының ағымдағы жағдайы қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі биыл 427,7 млрд. теңге субсидияның 27 млрд. теңгесі Жамбыл облысына бөлінгенін айтты.
Мемлекет басшысының бастамасымен "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Биыл 100 млрд. теңге ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға немесе дамытуға жеңілдікті шағын несиелер беруге жұмсалады. Атап айтқанда, бағдарламаға қатысуға Жамбыл облысының 5 мыңнан астам ауыл тұрғыны өтінім берді, несиелеу көлемі шамамен 24 млрд. теңгені құрайды.
Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі - егін жинау науқанын уақтылы және сапалы өткізу. Статистикалық деректерге сәйкес, Жамбыл облысындағы егіс алқабы 762,5 мың га құрады. Өңірге фермерлердің өтінімдеріне сәйкес 15,7 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді.
Ербол Қарашөкеев қазір жеңілдетілген жанармайдың құнын төмендету мәселесі бойынша шешім қабылданғанын, ол нарықтық бағадан 15% арзан болатынын атап өтті.
Жемшөп дайындауға келетін болсақ, Жамбыл облысында фермерлер шамамен 1,9 млн. шөп немесе жоспарланған көлемнің 91%-ын жинады.