Қазақстан аумағында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының "Өзара іс-қимыл", "Іздеу" және "Эшелон" оқу-жаттығулары өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығулардың ашылу салтанатына ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Тахир Хайруллоев, ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоров, ұйымға мүше елдер қарулы күштерінің өкілдері қатысты.
ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов оқу-жаттығуларға қатысушыларды құттықтай отырып, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі және қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілерінің кәсіби шеберлігін арттырудағы ұйымның маңызын атап өтті.
"Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер – стратегиялық әріптестер мен одақтастар, ал алдағы оқу-жаттығулар әскери қызметшілердің жауынгерлік шеберлігін және ұжымдық күштер бөлімшелерінің үйлесімділігін жетілдіру құралы ретінде ғана емес, онымен қоса тиімді халықаралық әскери ынтымақтастықты, тәжірибе алмасу бағытындағы іс-қимылды жетілдіру үлгісі", – деді генерал-лейтенант Марат Құсайынов.