Жамбыл облысында көлік құралын тіркеудің жалған куәліктерін дайындаумен айланысқандар ұсталды, деп жазады inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Шу ауданының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері мен оның сыбайласы – осы мекеменің бұрынғы қызметкері жалған техникалық паспорттар сатқан. Ақпаратқа сәйкес, әйел делдал ретінде әрекет еткен.
"150 мың теңге көлеміндегі заңсыз ақшалай сыйақы үшін сыбайласымен бірге құжаттарды бұрмалау жолымен жалған техникалық паспорттарды дайындаумен және өткізумен айналысқан. Тінту барысында күдіктінің атына 8 пластикалық банкомат карточкасы, 41 дайын жалған техникалық паспорт, техника және одан әрі жалған құжаттарды дайындауға арналған 500 дана пластикалық карточка табылды және тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.
Аталған фактке қатысты ҚР Қылмыстық кодексіндегі 385-баптың 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.