Жамбыл облысында газ тартылған елді мекендер саны артып келеді, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарды аралады. Кәрім Көкірекбаев Ақыртөбе автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысымен танысты.
"Жамбыл облысында 546 елді мекен болса, соның 60%-на газ таратылған. Қазірге тек екі ауданға газ жеткізілген жоқ", - деп атап өтті аймақ басшысы.
Ақыртөбе автоматтандырылған газ тарату станциясының жобалық құны - 473 399 мың теңгені құрайды. Станцияның тәуліктік қуаттылығы 35 м3/сағ Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталды. Облыс әкімі Құмарық ауылындағы "Болтай батыр шағын орталықты орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болып, жылу жүйесін тексерді. Сондай-ақ өңір басшысы құны 50 млн теңге болатын "Жастар болашағы" шаруа қожалығының мал бордақылау кешенінде болды. Бордақылау кешенінде 100 бас ірі қара мал бар және жоғары сапалы ет өндіріледі. Өз кезегінде шаруа қожалықтың жұмысымен танысу барысында облыс әкіміне "Сұлутөр" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі таныстырылды. Биыл құрылған кооперативтің негізгі қызметі - сүтті өңдеу. 5 млн теңгеге сүт жинағыш, салқындатқыш танкер орнатылған. Болашақта сүт өнімдерін өндіру цехын ашу жоспарланып отыр.
Аудандық маңызы бар "Каменка-пионер лагерь" 12 шақырымдық тасжолдың құрылысымен танысқан Кәрім Көкірекбаев жол құрылысының халыққа қашанда маңызды екендігін атап өтіп, оң бағасын берді. Жол құрылысының жалпы сметалық құны - 188 944 мың теңгені құрайды.