Су ресурстары және ирригация министрлігі Ислам Даму Банкімен ынтымақтастық аясында Жамбыл облысында жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сондай-ақ, 76 канал мен жұмыс істеп тұрған 1 су қоймасы жөнделеді.
Атап айтқанда, Байзақ ауданында – 18 канал, Талас ауданында – 1 канал, Сарысу ауданында – 11 канал, Меркі ауданында – 1 канал, Шу ауданында – 45 канал қалпына келтіріледі. Ал, Қордай ауданындағы Қарақоңыз су қоймасына реконструкция жасалады. Байзақ ауданында жаңадан Ақмола су қоймасы салынады.
Су қоймаларын реконструкциялау және салу 9 300 гектар жерге су беру сапасын жақсартады. Ал, 76 каналды жөндеу облыстағы 24,7 мың гектар егіс алқабын сумен жабдықтауды жақсартады.
"Сонымен қатар биыл өңірде ұзындығы 67 шақырым болатын 7 каналдың учаскелерін жөндеу жоспарланып отыр. Былтыр 69 шақырым канал жөндеуден өтті. Бұл 13 мың гектар егіс алқабын суармалы сумен қамту сапасын жақсартады", – деді деді Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Құдайберген Қорғанбаев.