Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқан өрт сөндірушілер марапатталды

1067

Жиынға қатысушылар жарылыстан көз жұмған өрт сөндірушілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқан өрт сөндірушілер марапатталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Байзақтағы жарылыстан қаза тапқан бірқатар құтқарушының туыстарына наградалар табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы Сергей Заикин І дәрежелі "Айбын" орденімен, №4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері-құтқарушылары Әділет Әділбек пен Әліби Кеңес, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы Жәнібек Тұрманов, жүргізуші-қызметкер Ғафан Қуатбек ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. 

Наградалар марқұмдардың отбасы мүшелеріне берілді.

Юрий Ильин қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан өрт сөндірушілердің туған-туыстарына көңіл айтып, олардың балалары
Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсуге ниет білдірсе, көмек көрсетілетінін жеткізді.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев ерлікпен көз жұмғандардың әрқайсысы марапатқа лайықты екенін атап өтіп, олардың отбасыларына тиісті көмек көрсетілетіліп жатқанын айтты.

"Әр отбасыға Үкімет тарапынан 10 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге бөлінуде. Сондай-ақ зардап шеккен отбасылардың жұмыссыз мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселесі қолға алынды. Екінші деңгейлі банктерге қарызы бар отбасылардың кредиттерін өтеу мәселесі толық шешілді", - деді Жамбыл облысының әкімі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу