Жамбылдық полицейлер баланың өліміне күдіктіні ұстады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 24 сәуірінде Талас ауданы Қаратау қаласында 9 жасар қыз жоғалып кетіп, ертеңіне қаланың сыртынан жоғалған қыздың мәйіті табылған болатын. Осыдан кейін қылмыстық іс "кәмелетке толмағандарды өлтіру" бабына ауыстырылып, күдіктіні іздеу басталып кетті.
Аса ауыр қылмысты ашуға ішкі істер министрлігінің, Жамбыл облысы полиция департаментінің, прокуратура және тағы басқа күш құрылымдарының қызметкерлері жұмылдырылды.
"Полиция қызметкерлерінің кәсіби іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталды. Іс бойынша айғақ заттар алынды. Ол – 37 жастағы Қаратау қаласының тұрғыны, отбасылық жағдайы – үйленген және бұрын Қылмыстық кодекстің 175-бабы 2-бөлімімен (ұрлық) сотты болған. Аталған дерек бойынша бірқатар сот-медициналық сараптамалар кешені тағайындалды. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде",– делінген ведомство таратқан хабарламада.