Жақында әлеуметтік желілерде 1 800 тұрғыны бар Тамды ауылына қызмет көрсететін апатты жағдайдағы "Жигули" автокөлігінің бейнежазбасы тараған болатын. Онда ауыл тұрғындары автокөліктің тым ескі әрі апатты жағдайда екенін айтып, медицина өкілдерін сұрақтың астына алады. Себебі көліктің доңғалағы қисайып кеткен әрі жарық шамдарының бірі сынған.
Аталған бейнежазбаға байланысты жауап алмақ болып біз Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарласқан едік.
"Талас аудандық орталық ауруханасына қарасты Тамды ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жедел көлік мәселесі бойынша 2023 жылға тапсырыс жасалған. Бейнежазбадағы көліктің жағдайы жақсы, тиісінше жөндеу-тексеруден өткізіліп тұрған болатын. Жедел жәрдемнің алғашқы 3 түрі орталық "Жамбыл жедел жәрдемнен" көрсетіледі, тек 4-категориядағы ғана медициналық көмекті ауылдық деңгейде көрсету қарастырылған. Яғни, бұл көлік тек үйде емделушілерге қызмет көрсету үшін, дәрігерді үйге шақыру үшін пайдаланылды. Қазіргі таңда дәрігерлік амбулаторияда "Жигули" автокөлігі "Chevrolet Damas" көлігіне ауыстырылды. Сондықтан, даурығуға негіз жоқ", - деді баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаева.