Байзақ ауданының прокуратурасы аудан әкімдігінің Жер қатынастары бөлімінде жер заңнамасының сақталуына тексеру жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде заң талаптары бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, жерді тұрғын үй, ғимараттар мен құрылыстарға қызмет көрсетуге арналған санатқа ауыстырған кезде ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеу бойынша міндетті төлемдер уақытында есептеліп, өндірілмеген.
Мәселен, Үлгілі ауылдық округі әкімінің шешімімен 5,7 гектар суармалы жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілген. Жер пайдаланушыға 7,5 млн теңге төлеу міндеттелгенімен, қаражат белгіленген мерзімде бюджетке түспеген.
Тексеру барысында осындай тағы 5 жағдай анықталды. Соның салдарынан бюджетке жалпы 49,6 млн теңге міндетті төлем түспеген.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 35 млн теңге өндірілді. Заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қалған берешекті өндіріп алу үшін уәкілетті орган тиісті шараларды қабылдап жатыр.