Жамбыл облысында 1 млрд теңгелік құс шаруашылығы жобасы басталды

291

Жоба аясында 20 мың бас тауықтан жұмыртқа өндіру жоспарлануда.  

Жамбыл облысында 1 млрд теңгелік құс шаруашылығы жобасы басталды Фото: sputnik-ossetia.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында Жамбыл облысында жаңа инвестициялық жоба қолға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жамбыл облысының Меркі ауданында "ЭкоФерма" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті.

Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жобаның өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Жоба жетекшісі Бақыт Көкебаевтың айтуынша, бастама тек өндірістік нысан салумен шектелмей, ауылдық аумақтарды дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және отандық өндірістің әлеуетін арттыруға бағытталған.

– Жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іске қосылуы өңірдегі ауыл шаруашылығының өндірістік тізбегін нығайтып, асыл тұқымды қорды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өнім сапасы артып, өндіріс тиімділігі жоғарылайды әрі саланың импортқа тәуелділігі төмендейді. Ең бастысы, агроөнеркәсіп кешеніндегі қосылған құн көлемі өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұндай жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық аумақтардың дамуына серпін береді, – деді облыс әкімі.

Кәсіпорынның жалпы құны – 1 миллиард теңге. Қаржыландыру толықтай жеке инвестор есебінен жүзеге асырылуда. Жалпы аумағы 4 гектарды құрайтын кешеннің алғашқы кезеңінде 20 мың бас тауық өсіріледі. Жоспар бойынша әр тауықтан жылына 300–320 жұмыртқа алу көзделуде.

Алдағы уақытта кешеннің қуаты 100 мың басқа дейін ұлғайтылып, жылына 30 миллион жұмыртқа өндіру жоспарланған. Жоба аясында 20–25 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жамбыл облысында соңғы үш жылда экономикаға 764,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өңір республикадағы инвестициялық өсімі жоғары аймақтардың біріне айналды.

Биылғы жылдың алғашқы төрт айында жалпы құны 143 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып, 920 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жыл соңына дейін тағы 47 инвестициялық жоба пайдалануға берілмек. Алдағы жылдары жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу