Облыс орталығынан 80 шақырым жерде орналасқан Ақкөл ауылы бұрын 10 мыңнан аса халық тұрған елдімекен, Талас ауданының орталығы болған. Кейін аудан әкімдігі Қаратау қаласына көшкен соң ғимараттар босап қараусыз қалады. Ауылдағы орталық амбулатория да сол тозығы жеткен ғимараттардың бірінде орналасқан. Көгілдір отынға қосылмаған, су құбыры тартылмаған емдеу мекемесінде жағдай жоқ әрі маман тапшы.
Кадр тапшылығын шешу үшін кешенді шаралар қолға алынған.
"Маман тапшылығын азайту мақсатында қазір, әсіресе аулдық елдімекендерде, мамандарды көптеп шақыру жолға қойылып жатыр. Облыстық әкімдік тарапынан да аудан әкімдіктеріне тапсырма берілді. Осы ауылға келген маманды жан-жақты материалды, моральді қолдауға және оларды ауылға ұзақ уақытқа алып қалуға", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.
Осы жылы аймаққа 16 резидент, 80 жас маман келеді деп жоспарланып отыр. Министрлік тарапынан оларға медицина мекемелерінде кемі 5 жыл жұмыс істеу керек деген талап қойылмақ. Ал "Димпломмен ауылға" бағдарламасы аясында жыл басынан 104 жас маман жұмысқа орналасты. Алайда облыста зейнет жасына жақындап қалған 400-ге жуық дәрігер барын ескерсек, кадр тапшылығымен күрес ұзаққа созылатын секілді.