Талас ауданының прокуратурасы "Таза-Талас" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі автокөліктерді заңсыз есептен шығару арқылы жымқыру фактілерін анықтады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Кәсіпорын басшылығы мекемеге тиесілі нарықтық құны 22 млн теңгені құрайтын 4 автокөліктерді жалған құжаттар рәсімдеу арқылы жарамсыз көлік құралдары ретінде заңсыз есептен шығарып, тиісті аукцион өткізбей, тікелей үшінші тұлғаларға сатқан", - делінген баспасөз хабарламада.
Аталған дерек бойынша, Талас ауданының прокуратурасы қылмыстық іс тіркеп, оны тергеп-тексеру облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасымен жүргізілді.
Бүгінгі таңда, мекеме басшыларының іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен (жымқыру) және ҚК 369-бабы 1-бөлігімен (қызметтік жалғандық бойынша) сараланды.
Сонымен қатар, тергеп-тексеру барысында құны 17 млн теңгені құрайтын 3 автокөлік мемлекетке қайтарылып, төртінші автокөлікті қайтаруға шаралар қабылданып жатыр.