Жамбыл облысындағы шекара бекетінен 6 млн доллардың есірткісі тәркіленді

406

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жамбыл облысындағы шекара бекетінен 6 млн доллардың есірткісі тәркіленді Фото: ҚР ҰҚК Баспасөз қызметі

Шекара арқылы көлікпен Қазақстанға ірі көлемде есірткі кіргізбек болған шетелдік ұсталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасына ірі көлемдегі есірткі заттарын кіргізудің кезекті әрекетіне тосқауыл қойды. 2023 жылғы 31 мамырда Жамбыл облысының Қордай ауданындағы "Қарасу" өткізу пунктінде шекара наряды шетелдік азамат тізгіндеген жүк көлігін тоқтатты. Көлік құралын тексеру барысында өзге тауарлардың арасына жасырылған 800 келіге жуық каннабис шайыры табылды. Тәркіленген заттардың "қара" нарықтағы құны 6 млн АҚШ долларынан аса сомада бағалануда", - делінген мәліметте.

ҰҚК органдары есірткі заттарын заңсыз тасымалдау және өткізу фактісі бойынша прокуратура органдарымен бірлесіп сотқа дейінгі тергеу жүргізуді бастады.

"Жедел-тергеу іс-шаралары барысында тәркіленген есірткі заттары Ресей Федерациясындағы қылмыстық топ мүшелеріне арналғаны анықталды. Ресейдің құзыретті органдарымен бірлескен іс-шаралар барысында есірткі трафигінің ұйымдастырушылары құрықталды. Қылмыстық істің өзге де мән-жайлары Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды", - делінген ҰҚК ақпаратында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу