Жамбыл облысының 503 001 тұрғыны вакцина алды

1276

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өңір тұрғындары коронавирус инфекциясына қарсы 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап вакцинацияланып жатқанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жамбыл облысының 503 001 тұрғыны вакцина алды

"Барлық екпе нұсқаулыққа сәйкес, 14-21-90 күн аралығында 2 рет жасалады. Вакцина 18 жастан асқан азаматтарға арналған. 3 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19-ға қарсы екпенің 1 компонентін 292 088 адам немесе вакцинациялауға жататын адамдардың 50,2% алды. Вакцинаның ІІ компоненті 210 913 тұлғаға немесе екпе салдыруға тиіс азаматтардың 36,2%-на берілді", – деп жазылды баспасөз хабарламасында. 

Шара шеңберінде Ресейде өндірілген "Спутник V", отандық QazCovid-in, Қытайда өндірілген Coronavac, Біріккен араб әмірліктерінде жасалеған Hayat-Vax вакциналары қолданылды.

"3 тамыздағы жағдай бойынша облыста ковидке қарсы вакцинаның 1 компонентінен – 65 018, 2 компонентінен – 76 703 доза қалды. Барлық егу пункттері екпемен жеткілікті мөлшерде қамтылған. Вакцинаның кез-келген басқа дәрі-дәрмек сияқты жанама әсері мен қарсы көрсетілімі болады. Екпе ауыр аллергиясы бар, жүкті және бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балаларға, асқыну кезеңінде инфекциялық және инфекциялық емес аурумен ауыратын адамдарға ұсынылмайды. Барлық жанама әсерлер мен асқыну түрлері жеңіл болады. Көбінесе адамдардың дене қызуы көтеріліп, екпенің орны қызарады. Бас ауырып, тұмау белгісі байқалады. Бұлардың барлығы өздігінен өтеді және көбінесе медициналық араласуды қажет етпейді. Вакцинацияланғандардың саны көп болса, вирустың жаңа мутациясының пайда болу мүмкіндігі аз болады. Облыста вакцинацияланған адамдарда ауруханаға жату және өлім қаупі 25 есе, ал вирус жұқтыру қаупі 8 есе төмендеді", – деп нақтылады Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу