Жамбыл облысының агроөнеркәсібіне 122 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

402

Өңірде сүт, ет және көкөніс өндірісін дамытуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда.  

Жамбыл облысының агроөнеркәсібіне 122 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды Фото: gov.kz

Жамбыл облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тартылған инвестиция көлемі бір жылда 11 есеге артты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл салаға 122,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен 115 млрд теңгелік жылдық жоспардың мерзімінен бұрын орындалғанын көрсетеді.

Биыл өңірде жалпы құны 63,1 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде жүзеге асырылып жатқан жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында бірқатар ірі жобалар қолға алынған. Мәселен, "TRZ AGRO" ЖШС 1,8 млрд теңгеге 12 мың тонна өнім сақтауға арналған көкөніс қоймасын іске қосты. Жобаға 995 млн теңге жеңілдетілген несие берілген.

Сонымен қатар облыста 1 862 басқа арналған төрт тауарлы сүт фермасы салынуда. Жалпы құны 7,7 млрд теңге болатын жобаларға 4,3 млрд теңге жеңілдетілген қаржы бағытталған. Фермалар іске қосылғаннан кейін өңірдегі сүт өндірісі 6,5 пайызға артады деп күтілуде.

Ет өндірісін дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 65 мың басқа арналған үш қой бордақылау алаңы және 15 мың басқа арналған үш ірі қара мал бордақылау алаңын салу жоспарланған. Бұл жобалардың жалпы құны 15,4 млрд теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, "Гәкку құс" ЖШС жылына 10 млн дана инкубациялық жұмыртқа өндіретін асыл тұқымды репродуктор салуды жоспарлап отыр. Құны 4 млрд теңге болатын жобаға 3 млрд теңге жеңілдетілген несие қарастырылған.

Жоба іске қосылғаннан кейін өңірдің инкубациялық жұмыртқаға деген қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу