Жамбыл облысының ауылдары ішімдік сатудан бас тартты

1126

Жамбыл облысының ауылдары ішімдік сатудан бас тартты

Дүнген диаспорасы тығыз орналасқан Қордай және Жамбыл аудандарының ауыл дүкендері алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатудан бас тартты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Қазақстан аумағында шамамен 50-60 мың дүнген тұрады, олардың дені Жамбыл облысында, Қордай мен Жамбыл аудандарының Жалпақтөбе, Масаншы, Сортөбе ауылдарында өмір сүреді, – деді Жамбыл облысындағы "Вынхуа" дүнген мәдени орталықтары қауымдастығының жетекшісі Руслан Исмазов.

"Дүнгендер өз мәдениетін, туған тілін, салт-дәстүрін сақтай отырып, жастарды ата-бабаны құрметтеуге, үлкендерді сыйлауға және еңбекқорлыққа үйретіп келеді", – деп атап өтті ол.

Осылайша, дүнген ақсақалдары жастардың басындағы келеңсіздіктер алкоголь салдарынан туындайды деген шешімге келді. Ардагерлер мен мешіт имамдары кәсіпкерлерге өтініш білдіріп, дүкен сөрелерінен темекі мен ішімдік өнімдерін алып тастауды сұрады.

"Қордай ауданының бірнеше ауылында, сондай-ақ Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылында дүкендер арақ-шарап пен шылым сатудан толығымен дерлік бас тартты", – деді Р.Исмазов.

Оның айтуынша, ауылдарда құқықбұзушылықтар саны едәуір азайып, жастар салауатты өмір салтын ұстанатын болған. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар тәрбиесіне, олардың қоғамдағы орнына аса мән беріп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу