БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Антикор оның үстінен түскен. 800 мың доллар көлемінде пара алып жатқанда қолына кісен салған. Алайда, ресми хабарлама әлі жоқ.
"Қазселденқорғау" мекемесінің басшысы "BAZIS" құрылыс компаниясы филиалының директоры Андрей Поплавскийден 800 мың доллар ауызбастырық алмақ болған. Бұл шамамен 370 млн теңге. Қомақты ақшалай сыйақы үшін ол сейсмологиялық күшейту жұмыстарын орындады деп оң шешім шығарған және құрылыс компаниясына қамқоршылық жасаған деген күдік бар. Пара беруші де, алушы да қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кәрім Көкірекбаев бірнеше лауазымды қызмет атқарған. Ол вице-министр болған, бірнеше ұлттық компанияда басқарушы қызмет те атқарған. 2013-тен 18-ге дейін 5 жыл бойы Жамбыл облысын басқарды. Кейін 1,5 жыл бойы Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болды. 2019 жылдың тамыз айынан бері "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесін басқарып келді. ОлТөтенше жағдайлар министрлігіне қарайды. Мекеме сел, қар көшкіні қаупін бағалау, алдын алу, ескерту және зардабынын жоюмен айналысады. Егер кінәсі дәлелденсе Көкірекбаев ірі көлемде пара алғаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл қылмыстық кодексте қарастырылған жаза.
Әзірге, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жалпы, елімізде парақорлардың араны тыйылмай тұр. Биыл жарты жылдың өзінде ғана пара алу фактісі бойынша 374 қылмыстық іс қозғалған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 33 пайызға артық.