Жамбыл облысының делегациясы Алматы облысына жұмыс сапарымен келді

829

Жамбыл облысының делегациясы Алматы облысына жұмыс сапарымен келді

"Ағайын тату болса ат көп" деген қазақы қағиданы берік ұстанған жетісулықтар Алматы олысының әкімі Амандық Баталовтың бастауымен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев ертіп келген делегацияны құшақ жая қарсы алып, өңірімізде атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды, деп хабарлайды abctv.kz.

Алдымен көрші облыс әкімін "Көксу қант зауыты" ЖШС-не бастап барған өңір басшысы жетісулықтардың биылғы қантқызылшасын өсіру мен оны өңдеу бағытындағы жетістіктерін айтып берді. Келесі кезекте екі облыстың басшысы облыс орталығы Талдықорған қаласындағы бірнеше нысанға бас сұқты.

Өткен жылы ел игіліне берілген "Жастар" паркі мен Жастарға қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысқан көрші облыс басшысы ризашылығын жасырып қала алмады.

"Сіздерден үйренеріміз көп екен. Жастарға жұмыс тауып беруде, мемлекеттік бағдарламаларды орындауда, ауылдан келген жастарға бағыт-бағдар беруде көпке үлгі болатын жұмыс тындырып жатыр екенсіздер", – деді Кәрім Насбекұлы.

Қаратал өзенінің жағалауындағы демалыс паркі мен сол маңдағы өндірістік аймақтағы қызу тіршілік те көршілерге өңір дамуындағы батыл бағыттарды бағамдауына мүмкіндік берді. Соңында "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей, екі өңірдің басшысы облыстық әкімдікте алдағы уақытта бірлесе атқаратын жобалар туралы пікір бірлігіне келіп, келісімшартқа қол қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу