Жамбыл облысының үш ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтар құрылады

928

Өңірде бүгінгі таңда 46 356 мүмкіндігі шектеулі азамат бар болса, оның 6629-ы – бала. 

Жамбыл облысының үш ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтар құрылады

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биылғы жылы жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 9900 мүгедекке әлеуметтік көмек көрсетілген, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылған десек, ол арқылы мүгедектер техникалық оңалту құралдарына және арнайы әлеуметтік қызметтердің 54 түрінің 24-і бойынша тапсырыс бере алады.  Келер жылдан бастап  портал көмегімен оңалту және протездік-ортопедиялық, гигиеналық құралдармен, мүгедектер арбаларымен сондай-ақ   арнаулы әлеуметтік, жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және емдеу сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз ету көзделуде.

Порталда облыстың 18 мемлекеттік және 5 үкіметтік емес ұйымы тіркелген. Алайда, мүмкіндігі шектеулі адамдардың бәрінде бірдей смартфон мен компьютер бола бермейді. Осыған орай, планшеттермен немесе ноутбуктармен қамтамасыз ете отырып, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың әлеуметтік қызметтер порталымен танысуына көмектесу  үшін еріктілерді тарту ұсынылуда.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан және облыс әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

6629 мүмкіндігі шектеулі баланың 659-ның тірек-қимыл  жүйесі бұзылған және 1813-і жүйке жүйесі ауруларымен оңалтуды қажет етеді.

Тараз қаласы, Жамбыл, Қордай, Меркі және Шу аудандарында Орталықтар мемлекет тарапынан ашылған. Тұрар Рысқұлов және Жуалы аудандарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы қызметтер көрсетілуде. Бұл аудандарда ғимарат мәселесі шешілмегендіктен, орталықтар жалға алынған, тиісті жағдай жасалмаған нысандарда орналасқан.

Бердібек Сапарбаев екі аудан әкімдеріне тиісті ғимарат табу керектігін ескертті.

Талас ауданында осындай орталыққа ғимарат  сатып алуға жергілікті бюджеттен 21 миллион теңге бөлінген. Ендігі кезекте Оңалту орталықтарын Байзақ (201 бала), Мойынқұм (44 бала), Сарысу (100 бала) аудандарында ашу қажеттігі туындап отыр. Бердібек Сапарбаев үш аудан әкіміне қажетті қаражат көздерін қарастырып, уақыт созбай орталықтарды ашуды тапсырды.

Салалық басқарманың мәліметтері бойынша, мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тиісті 1030 нысанның толығымен паспорттары дайындалып, бүгінгі күнге 994 нысанда бейімдеу жұмыстары аяқталған. Айта кету керек, олардың 240-ы ғана толықтай бейімделген. Қалғандары тек  пандус пен тақтайшалар орнатумен шектелген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу