Жамбылда 117 үйді асарлатып салып беру жоспарланған

544

Жылжымайтын мүлік бағасы аспандаған сайын, баспаналы болу түйткілді мәселеге айналып келеді. Әсіресе, көпбалалы, әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарға қиын соғуда.

Жамбылда 117 үйді асарлатып салып беру жоспарланған

Әлеуметтік осал топтарға жататын, тұрғын үйдің жайы тұралатып тұрған тұрғындарға Жамбылда бір жылда 117 үйді асарлатып салып беру жоспарланған. Бүгінге дейін соның 13-інің құрылысы аяқталды.

Атап айтсақ, асарлатқан ағайынның көмегімен Байзақ ауданында – 1, Қордай ауданында – 4, Сарысу ауданында – 2, Рысқұлов ауданында – 2, Талас ауданында – 2, Шу ауданында – 2 үй пайдалануға берілді.

Баспана бой көтерген аумақтарда инженерлік инфрақұрылым жүйесі тартылып, жол салынып, су және жарық жүйесі тартылды.

Жалпы Жамбыл жерінде "Асар" жобасының қолға алынғалы біраз жыл.

Мәселен, 2020 жылы жамбылдық асаршыл ағайын 99 өз баспанасын салып берген. Ал былтыр осы әлеуметтік жоба шеңберінде 134 тұрғын үйдің кілті табысталды.

Жоба басталғалы 233 отбасы жаңа үйде қоныс тойларын тойлады. Атап айтқанда, Тараз қаласында – 15, Байзақ ауданында – 18, Жамбыл ауданында – 9, Жуалы ауданында – 14, Қордай ауданында – 15, Меркі ауданында – 13, Мойынқұм ауданында – 9, Рысқұлов ауданында – 14, Сарысу ауданында – 9, Талас ауданында – 9, Шу ауданында – 9 үй ел игілігіне берілген.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу