Жамбылда 2 тұрғын 130 келі марихуана жасырған

594

Дәл қазір егістік алқаптарында ғана емес, қарасора өсетін құмды, елсіз аймақтарда да "орақ науқаны" қызу жүріп жатыр.

Жамбылда 2 тұрғын 130 келі марихуана жасырған

Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Байзақ ауданының құмды аймағында марихуана жинап жүрген 31 және 36 жастағы екі тұрғынды ұстады.

Полиция қызметкерлері дереу жақын маңдағы аумаққа тексеру жүргізген. Нәтижесінде, жалпы салмағы 133 келі 700 грамм "кептірілген марихуананы" және салмағы 5 грамнан асатын "каннабис шайырын" тауып тәркіледі.

Сонымен қатар жабайы қарасораны шабу үшін қолданылған 2 орақты да қатар тәркілеген. Күдіктілер кінәсін мойындап отыр. Олар қазір уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

– Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Нақтырақ айтсақ, есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтағаны үшін мүлкі тәркіленіп, оларға он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Қазіргі уақытта күдіктілердің айғақтарын тексеруге және осы қылмысқа қатысы бар басқа да адамдарды анықтауға бағытталған бірқатар жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде, – деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу