Жамбылда 30 жыл суармалы су жетпеген ауылдарға су беріледі

1726

Су негізінен трансшекаралық Шу, Талас және Аса өзендерінен алынады.      

Жамбылда 30 жыл суармалы су жетпеген ауылдарға су беріледі

Жамбыл облысының Байзақ ауданында 30 жылдан бері суармалы сусыз отырған Абай және Бірлік ауылдары келесі жылдан бастап сумен қамтылатын болды. Бұл туралы  "Қазсушар" РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, Байзақ ауданында Өтеміс каналынан ұзындығы 21 шықырым болатын 800 метрлік темір-бетонды арна салынуда. Облыстың егінді алқаптарына келетін суармалы судың 82 %-ы трансшекаралық өзендерден келеді әрі биылғы су тапшылығы біршама қиындық тудырған.

"Ұзақ жылдар бойы егінін суара алмай отырған шаруалардың мәселесі шешіледі. Бұл тек Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанда және Орта Азия елдерінде орын алып отырған жайт. Көрші елдерде де су аз. Дегенмен "Қазсушар" РМК Жамбыл облыстық филиалының қызметкерлері күндіз-түні кезекшілік етіп, ауылдарға кезекпен су беру арқылы су айналым жасап, шаруаларға қажетті суын берді. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегі бойынша барлық шаруа егіндерін жинап алды. Қурап қалған егін жоқ", – дейді Қ. Бедебаев.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше,  Жамбыл облысында 229,7 мың гектар суармалы жер бар. Су негізінен трансшекаралық Шу, Талас және Аса өзендерінен алынады. Оның 80%-ын көршілес Қырғыз Республикасы береді.

Суармалы су тапшылығының қазіргі жағдайы ескеріле келе, облыс және аудан әкімдіктерінің өкілдерімен бірге Қордай, Меркі, Жамбыл, Байзақ, Талас  және Жуалы аудандарындағы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Су айналымы, түнгі және суарудың басқа да түрлері бойынша кестелер жасалған. Бұл суды мейлінші тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.

Айта кетсек, "Қазгидромет" РМК биыл судың жылдық мөлшері әдеттегіден 15-40% аз болады деп пайымдаған еді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу