Жамбылда балық өсірушілерге 12 миллион теңгеге дейін несие берілуі мүмкін

1979

Облыста жыл сайын шамамен 3880 тонна балық тұтынылатын болса, соның 2465 тоннасы басқа облыстардан импортталады. 

Жамбылда балық өсірушілерге 12 миллион теңгеге дейін несие берілуі мүмкін

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов балық шаруашылығын дамытамын деген азаматтарға 6 пайызбен 12 миллион теңгеге дейін несие беру жайы қарастырылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл бастама жеке кәсіпкерлердің де көңілінен шықты.

Басқосу барысында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов өңірдегі 115 ірі су айдынына тескеру жүргізілгенін жеткізді. Нәтижесінде 103 су айдыны болашағы бар әрі балық өсіруге қолайлы деп танылған.

Айта кетейік, жиынға 20-дан астам көл пайдаланушылар қатысты. Олар Асқар Исабекұлына өздерінің жұмыс барысы, иеліктеріндегі су айдындарының хал-ахуалы жайлы айтып берді. Өңір басшысы алдағы уақытта  олармен  жаңа тәртіп бойынша, келісім-шарт негізінде жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Осылайша су айдындарына түрлі жолдармен иелік етіп келген, бірақ бүгінде балық өсірмейтін азаматтарды анықтап, ретке келтіру шаралары қолға алынбақ. Бұл орайда өзен- көлдердегі жағдайды, онда жіберілетін балық тұқымына дейін аталмыш басқарма бақылап отырады.

Облыста жыл сайын шамамен 3880 тонна балық тұтынылатын болса, соның 2465 тоннасы басқа облыстардан импортталады. Асқар Исабекұлы осыған баса назар аударып, күн тәртібіндегі және жиында көтерілген мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар  берді.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау туралы тапсырма берген болатын. Елбасы осы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етілетінін атап көрсетті. Осы орайда ел экономикасы мен адамдардың тұрмыс сапасын арттырып бизнестің тұрақты көзі саналатын саланың бірі - балық шаруашылығы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу