Жамбылда "Дипломмен ауылға" барған азамат үй ала алмай жүр

1020

Еңбек жолын елді мекенде бастаған жас маман Дулат Қыдырбай "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында тұрғын үй несиесін ала алмай отыр.  

Жамбылда "Дипломмен ауылға" барған азамат үй ала алмай жүр

Дулат Алматы қаласында жоғары оқу орнын бітіріпті. Қолға диплом алған соң, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша Жуалы ауданына барып, жұмысқа орналасқан. Ауылға келген соң, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие алуға болатынын білген. Құжатын жинап өткізіп, әні-міне қаржысын аламын деп жүргенде, қаржы ұйымдары жас маманның өтінімін кері қайтарыпты.

Дулат Қыдырбай бағдарлама шеңберінде алғашқы көтерме жәрдемақыны еш қиындықсыз алған. Бірақ тұрғын үй несиесіне құжаттарын өткізгенде төленіп қойған несиесінің 90 күндік берешек болған уақыты алдынан шыға келген.

"Мамандығым – ветеранар дәрігер. Қазір кредиті жоқ адам жоқтың қасы. Қажет болғанда, несие алғам. Бір себептерге байланысты, ай сайынғы төлемді кешіктірген кезім болды. Бірақ одан кейін несиені толықтай жауып тастағам. Банктен арнайы анықтама қағазын да апардым. Сонда да "кредиттік тарихы бұзылған, төлемеген күндерін қосқанда, 90 күннен асып тұр" деп тұрғын үй несиесі бермеді", – дейді ол.

Банктің берген анықтамасы да бағдарламаның жаңа тәртібіне әсер ете алмай отыр. Себебі Ұлттық экономика министрінің "Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына 2020 жылдың 30 қыркүйегінде өзгертулер енгізілген болатын. Соған сәйкес енді кредиттік тарихы бұзылған азаматтарға тұрғын үй несиесі берілмейді.

Жұрттың сөзіне сенсек, кредиттік несие тарихы бұзылған жас мамандарға аудан әкімі ғана кепіл бола алады екен. Ол үшін жас маманның несиесі жабылғанын растай отырып, оның төлем қабілеті жететініне "сенімхат" берсе болғаны деседі. Яғни жанашырлық танытса, бұл мәселені де шешуге болады деген сөз. Алайда ауданға әкім болып тағайындалғанына бір жыл да толмаған Жамбыл облысындағы жас әкімдердің бірі Олжас Қаржауов бұған бас қатыра қояр ма екен?!

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу