Жамбылда қайтарылған активтер есебінен 2800-ден астам тұрғынға жаңа амбулатория берілді

133

Арнаулы мемлекеттік қордан өңірдегі денсаулық сақтау нысандарына 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.  

Жамбылда қайтарылған активтер есебінен 2800-ден астам тұрғынға жаңа амбулатория берілді Фото: gov.kz

Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау саласындағы нысандарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Арнаулы мемлекеттік қордан өңірдің төрт ауданындағы 5 медициналық нысанды салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Қазіргі уақытта осы жобалардың үшеуі толық аяқталды.

Солардың бірі – Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр ауылында салынған жаңа дәрігерлік амбулатория. Бұған дейін Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр және Көктөбе ауылдарының тұрғындары 1960 жылы салынған, талаптарға сай келмейтін ескі ғимаратта медициналық көмек алып келген.

Таулы әрі қатынауы қиын аумақта орналасқан бұл елді мекендерде қыс мезгілінде аудан орталығына жету қиын болған. Ғимараттың техникалық жағдайы да медициналық қызмет көрсетуге қолайсыз еді.

2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жаңа амбулатория құрылысына 62,8 млн теңге бөлініп, нысан пайдалануға берілді.

Нәтижесінде аталған үш ауылдың 2 800-ден астам тұрғыны аудан орталығына бармай-ақ, заманауи әрі қауіпсіз жағдайда алғашқы медициналық-санитариялық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.

Жамбыл облысының прокуратурасы мәліметінше, денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жаңарту жобалары жалғасуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу