Жамбыл облысында кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 5 пайызға көбейді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Статистика агенттігінің мәліметіне жүгінсек, 2017 жылдың 1 сәуірінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 60,2 мыңға жетіп, 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,5 пайызға ұлғайған.
Жамбыл облысында мемлекеттік кіріс департаментінің мәліметіне сүйенсек, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 5,6 млрд теңге табыс түсіпті. Бұл – бюджетке түскен барлық түсімнің 32,9 пайызы.
2017 жылы "Бизнестің жол картасы – 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыруға 1,8 млрд теңге қарастырылып, 1 сәуірге дейін 800,5 млн теңге игерілді. Ал биылғы жылдың қаңтар-наурызында кредит қоржыны 2,1 млрд теңгелік 50 жобаға қолдау көрсетілді.
Жалпы, осы бағдарламаны іске асыру басталғанлы аймақта жалпы сомасы 81 млрд теңгенің 816 жобасына қаржылық қолдау көрсетілді.