Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармалары бірлесіп 234 970 жасқа нақты талдау жасады.
Осылайша, қаншасының білім алып, қанша пайызы еңбек етіп жатқанын, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарының көрсеткішін саралап көрді.
Сонымен нәтиже қандай? Өңірдегі әр жастағы 234 970 жас ұрпақтың 23 194-і жұмыссыз жүргені, қазіргі терминмен түсіндіргенде NEET санатында екені анықталды.
Олар – қолдауға зәру жастардың бір тобы. Тиісті басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, әрі жұмыссыз, әрі оқымайтын NEET санатындағы жастардың үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2-ден 7,6 пайызға төмендеген. Алайда бұл көрсеткіш республика бойынша 6,7 пайызды құрайтынын ескерсек, өңірдегі ахуал республикалық деңгейден жоғары.
Жалпы Жамбыл облысында өңір тұрғындарының 22,4 пайызын жастар құрайды. Нақты саны – 258 164.
Соның ішінде ауыл жастарының саны көп. Жастардың 37,4 пайызы қалаларда, 62,6 пайызы, яғни 161 378-і елді мекендерде тұрады.
Ауылда мектеп жасында екенін ескерсек, статистиканың бұлай "сөйлеуі" заңдылық.
Өңірде NEET санатындағы жастардың электронды дерекқоры жасақталған. Дерекқордағы деректе бір ғана Тараз қаласының өзінде оқу да оқымай, жұмыс та істемей бос жүрген 5 664 жас бар екені көрсетілген.
NEET санатындағылар – Байзақта 3 мыңнан асса, Жамбыл ауданында 2,5 мыңға, Жуалыда 2 мыңға жуық. Шуда 2,5-ден, Таласта 2 мыңнан асады. Ал Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарындағы 1 мыңнан астам. Қордай ауданында 500-ге жетер-жетпес.
Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішін төмендету мақсатында жыл басынан бері 19 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілген. Нәтижесінде, 6 469 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Қазір жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызды құрайды. Республикадағы көрсеткіш – 3,9 пайыз.
Ардақ Үсейінова