Жамбылда полицейді қағып кеткен мас жүргізуші жазаланды

Ол көлігінен нөмірін алып тастап, рөлде сыраны сімірген.   

Жамбылда полицейді қағып кеткен мас жүргізуші жазаланды Фото: pxere.com

Жамбыл облыстық соты сонымен қоймай, мас күйінде полиция қызметкерін қағып кеткен жүргізушіге қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Күдікті Қылмыстық кодекстің 380-бабының 3-бөлігімен (Билік өкіліне денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану бойынша) жауапқа тартылып отыр. 

Сот анықтағандай, мас күйде көлік тізгіндеген жүргізуші "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" трассасында жоғары жылдамдықты қосқан. Ол полицияның тоқтау талабына бағынбаған. 

– Тараз қаласы бағытында келе жатқан көлік туралы хабарлама алған полиция қызметкері А. оны тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда Н. талапты елемей, полиция қызметкерін қағып өткен. Ол көлігінің жанармайы таусылған соң ғана берілген. Күдіктінің кінәсі бейнежазбалар, хаттамалар және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.

Прокурор оны 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сотталушы кінәсін мойындап, кешірім сұрады. Жәбірленуші полиция қызметкері сотталушыны кешірмейтінін айтып, шешімді соттың құзыретіне қалдырды, – делінген соттың хабарламасында.

Тұрар Рысқұлов ауданының соты кінәні мойындауын, өкінуін және жеке басының жағымды сипаттамасын жеңілдететін мән-жай деп танып, жүргізушіні 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 

Адвокаттың шағымы бойынша істі қараған апелляциялық сот оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін және бұрын сотталмағанын ескеріп, үкімді өзгертіп, жаза түрін жеңілдетті. Н.-ға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып отыр. Сот актілері заңды күшіне енген. 

Бұған дейін мас күйінде көлік жүргізген облыс әкімінің әпкесіне әкімшілік хаттама толтырылғанын жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу