Су ресурстары және ирригация министрлігі Жамбыл облысының су шаруашылығы саласына жүргізген аудит материалдарын Бас прокуратураға жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осыған дейін судың "қара нарығымен" күресу және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында министрліктің ішкі аудит департаменті Жамбыл облысы бойынша "Қазсушар" филиалына тексеріс жүргізген болатын.
Нәтижесінде филиал директоры мен Шу-Талас бассейн инспекциясының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Анықталған заңбұзушылықтарды одан әрі қарау үшін аудит материалдары ҚР Бас прокуратурасына жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, министрлік мамандары Жамбыл облысында жүргізген аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісін, сондай-ақ шаруалармен суармалы су беру келісімшартын жасау барысында заңбұзушылықтарға жол бергенін анықтаған болатын.
"Судың „қара нарығымен“, яғни су ресурстарын заңсыз пайдалану фактілерімен күрес жалғасады. Заңды бұзған барлық құқық бұзушылар мен басшылық лауазымдағы қызметкерлер жауапқа тартылады. Біз су ресурстарын пайдалануды бақылауды күшейтеміз. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу ұсынылып отыр", — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.