Жамбыл облысында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, жалғасуда. Экологиялық науқанды жамбылдықтар жылы қабылдап, белсенді атсалысып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде дарынды мектеп оқушылары да "Таза Қазақстан" акциясына өз үлестерін қосуда. Бұл күні Тараз қаласы білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығының 600-ден астам тәрбиеленушісі қоқыс қалдықтарынан жасаған қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынады.
Мәселен, орталық шәкірттері ұстаздарымен бірге жиналған қоқыс қалдықтарынан 200-ден аса түрлі картина, қуыршақтар мен ыдыстар әзірлеген. Оқушылар мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жас ғалымдары экологияны жақсартып, адамдардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған жобалар әзірлеген. Атап айтқанда, Тараз қаласы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Д.Тарасенконың "Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру", Меркі ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ж.Жеңісханның "Таза қала сізден басталады", Жуалы ауданы Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы А.Оңдасынның "Ақылды Есо-жылыжай", Меркі ауданы №44 мектебінің оқушылары А.Еркінқызы мен Ө.Еңсебектің "Екінші өмір сыйла!" атты қоқыс өңдейтін зауыт жобалары "Көне Тараз" этно-мәдени кешеніндегі "Көрме" залында таныстырылады.