Жамбыл облысында кәсіпорындардың 922 жұмыскер алдында 99,035 миллион теңге берешек жалақы қарызы анықталған.
Оның 54,4 миллион теңгесі банкрот және оңалту рәсімдері жүргізіліп жатқан "Қордай цемент зауыты" ЖШС мен "Подгорный" АҚ үлесінде екен. Ал қалған 6 кәсіпорындағы 44,6 миллион теңге қарыздарын өтеу бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 30,4 миллион теңге өндірілген.
Алайда, 3 айдан аса мерзім өтсе де "Казпроммонтаж" (1,345 миллион теңге), "Мекен жай Тараз" (9,4 миллион теңге), "Таразхиммонтаж" ЖШС ( 905 мың теңге) сынды кәсіпорындар жұмысшыларының жалпы сомасы 11,6 миллион теңгені құрайтын жалақысын беруге асығар емес. Сондай-ақ, облыстың 377 кәсіпорнында 59710 жұмыскер зиянды және қауіпті жұмыстарға тартылған. Оның ішінде, нормадан жоғары шу мен тербеліс жағдайларында 3877, жоғары газдалған және тозаңдылық орын алған жұмыс орнында 3143 адам жұмыс істейді.
Биылғы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, облыс кәсіпорындары мен мекемелерінде 30 жазатайым оқиға орын алып, 31 адам зардап шеккен. 7 адам өмірмен қош айтысқан.