Шу көлік прокуратурасы агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекцияларына тексеру жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, заңсыз сертификат беру, заңды тұлғаларды жауапкершіліктен босату, тауарларды шекара арқылы заңсыз өткізу және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде артықшылық беру фактілері анықталды.
Кәсіпкерлердің құқығын және еңбек заңнамасын бұзу жағдайлары әшкере болған.
Барлық анықталған кемшілік бойынша 2 млн теңгеге жуық сомаға әкімшілік хаттама толтырылып, 20-дан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Оның ішінде 2 ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекторы мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылығы үшін жазаланды және инспекция жетекшілері қатаң сөгіске тартылды.
Сонымен қатар, прокуратура демалыс және қосымша жұмыс уақытына төлем бергізу арқылы 60-тан астам инспекция қызметкерінің конституциялық құқығын қорғады.