Жамбылдағы әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылып, жақ сүйегі сынған

251

Қазір сарбаз Алматыдағы әскери госпитальде ем қабылдап жатыр. 

Жамбылдағы әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылып, жақ сүйегі сынған Фото: gov.kz

Жамбыл облысында орналасқан Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде сарбазға күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Гвардейск гарнизонының әскери полициясы әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірі жақ сүйегінен жарақат алды. Зардап шеккен әскери қызметші Алматыдағы Әскери-клиникалық госпитальге жатқызылды, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Аталған факт бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді", – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі "Гвардейск гарнизонының әскери полиция бөлімі".

Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. 

"Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар тұлғалардың, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғары тұрған қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", – делінген хабарламада.

Тергеу кезінде әскери бөлімнің бірқатар басшылары қызметінен уақытша шеттетілгені белгілі болды.

Оқиға туралы ақпарат желіде таралды. Зардап шеккен әскери қызметшінің туыстары хабарлағандай, 2025 жылдың 28 мамырында Есбол Қапар Отарға әскери борышын өтеу үшін барған. 

"Әскери қызметін аяқтауға 4 ай қалғанда, оны үш сержант соққыға жыққан. Олардың ішінде біреуі темір затпен ұрған, салдарынан інімнің жақ сүйегі мен мұрны сынған. Соның салдарынан ол ауыр жарақаттар алды.

Алған ауыр жарақаттарына қарамастан, оны екі апта бойы қорлап, психологиялық қысым көрсеткен. Екі аптадан кейін оны Алматыдағы №5 қалалық ауруханаға апарған. Жол шығынын да өзіне төлеткен, оған 15 000 теңгеге бензин құйдырған. Ота 300 000 теңгеге жасалды. Оған екі операция жасалып, ауыз қуысына металл конструкциялар орнатылды. Алайда соған қарамастан, дәрігерлердің бақылауына қалдырмай, ауруханаға жатқызбады. Оны 16 күнге үйқамаққа жіберген. 

2026 жылғы 29 қаңтарда ағам із-түзсіз жоғалып кеткеннен кейін біз Отарға бардық, бірақ ол онда болмады. Рота командирі ағамның орналасқан пәтеріне апарды. Келесі күні оны медпунктке апарды. Тексеру барысында дәрігерлер жақ сүйегіне жасалған ота дұрыс жүргізілмегенін айтты. Кейін ағамды Алматыдағы №1 әскери госпитальге жіберді. Қазір ол сол жерде ем қабылдап жатыр", – деді әскери қызметшінің туыстары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу