Жамбылдан 3 автокөлік гуманитарлық көмек жолға шығады

574

Қостанай халқына қолдау-көмек көрсету мақсатында "AMANAT" партиясының Жамбыл облыстық филиалының жанынан гуманитарлық көмек пункті құрылды.

Жамбылдан 3 автокөлік гуманитарлық көмек жолға шығады

Қазір әртүрлі мекеменің қызметкерлері мен қала тұрғындары да аталған пунктке бұзылмайтын азық-түлік, жылы киімдер әкеліп өткізуде. Екі күннің ішінде партия облыстық филиалы жанынан құрылған гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне 10 тоннадан астам көмек қоры жиналды.

Азық-түліктен ұн, қант, макарон өнімдері, күріш, қарақұмық, сұйық май, тұрмыстық техника заттары мен құрылыс материалдарын әкеліп, көмек көрсетуге ниет танытып жатқандар да бар.

– Гуманитарлық көмек қабылдау пункті "Жастар рухы" қанатының коворкинг орталығында ашылды. Мұндай пункттер партияның Тараз қаласы мен аудандарындағы филиалдарында да құрылды. Ол пункттерде бастауыш партия ұйымдары, кәсіпкерлер мен депутаттардың қолдауымен қажетті бұзылмайтын азық-түлік пен құрылыс материалдары жиналуда, – дейді партия облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов.

Қостанайлықтарға Жамбыл жеріндегі "Ахыска" түрік этно-мәдени бірлестігінің өкілдері де қолдау көрсетуге бел буыпты. Олар 40 отбасыға азық-түлік себетін өткізді.

"Қиын-қыстау кезде ағайынға қол ұшын созу баршамыздың азаматтық міндетіміз. Біздің түрік бауырлар 40 отбасыға арналған азық-түлік жіберіп отырмыз. Қостанайда жағдайдың тезірек тұрақталуын тілейміз", – дейді "Ахыска" түрік этно-мәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ибраһим Зуфаров.

Қостанайлықтарға жекелеген азаматтар мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері де көмек көрсетуде.

7 қыркүйек күні Тараз қаласынан қайырымдылық көмек тиелген 3 жүк автокөлігі Қостанай обылысының Аулиекөл ауданына жол тартады.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу