Байзақ аудандық соты бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот 2025 жылдың желтоқсанында азамат М.-ның "Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ" тасжолында пневматикалық мылтықпен оқ атып, "Сергек" бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу камерасына қасақана зақым келтіргенін анықтаған.
Сотта құқық бұзушы өзінің кінәсін толық мойындады. Сондай-ақ, келтірілген залалдың ішінара өтелгені туралы хабарлаған.
Ал жәбірленуші тарап залалдың толық көлемде өтелмегенін көрсетіп отыр.
– М.-нің кінәсі хаттамамен, полицияның хабарламасымен, жәбірленушінің жазбаша арызымен және құқық бұзушының айғақтарымен дәлелденді.
Сот кінәні мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
ӘҚБтК 147-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды не 5 тәуліктен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді, – деп жазылған Жамбыл облыстық сотының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Сот қаулысымен М. ӘҚБтК 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 196 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалған.
Қаулы заңды күшіне енген.