Жамбылдық ұста соқаның 30 түрін жасайды

1275

"Тараз" ӘКК" АҚ-дан несие алған Байзақ ауданы Үлгілі ауылының тұрғыны Әмірбек Төлепов соқаның 30 түрін жасап сатып, табыс табуда.

Жамбылдық ұста соқаның 30 түрін жасайды

Жамбылдық шаруа несиені "Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру" жобасы аясында алып отыр.

Жалпы бұл жобаға қатысушыларға өз ауласындағы жерді пайдаланып, жылыжай салып, тігін цехын ашып, табыс табуға мүмкіндік берілген. Пайызы төмен жеңілдетілген несие түрінде қаржылай қолдау көрсетіледі.

Әмірбек Төлепов аталған жоба арқылы 2,5 пайызбен 2 миллион 700 мың теңге несие алған. Осылайша, кәсібін ұлғайтып отыр. Темірден түйін түйген ұста Әмірбек Өтепұлы комбайн, тракторларды жөндеп қана қоймай, жаңа техника да жасай біледі.

Ол жер жыртатын соқаның 30 түрін жасау үшін алған несиесіне 8 тонна керекті металл алған. Қазір шебер соқадан бөлек, арық қазатын, жер қопсытатын, тегістейтін, шөп шабатын, қора тазалайтын және "пескаблок" кірпішін шығаратын техникаларды жасап шығаруда.  

"Біз жасап шығарып жатқан, ауыл шаруашылығы техникаларының зауыттан келетін техникалардан ерекшелігі – сапасында. Неге сапалы деген сұраққа жауап берсек, біз техниканы әр аудан, ауылдың жер қыртысына қарай жасаймыз. Яғни, алдымен сатып алушының жерін зерделеп барып, техниканы сатамыз. Сонысымен сапалы дүние шығады", – дейді Әмірбек Төлепов.

Әмірбек Төлеповтың жасаған ауыл шаруашылығы техникалары Жамбыл өңірінен бөлек, Қырғыз Республикасына, Атырау, Көкшетау, Қызылорда, Қарағанды облыстарына сатылуда. Зауыттағыдан 60-70 пайыз арзан техникаларды тіпті несиеге сұрайтындардың да қатары көбейіпті.

Сұранысты уақытылы орындау үшін 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық-жалақысы 250 000 мен 300 000 теңге көлемінде.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу