Жамбылдықтар әуендетіп ауыз су сұрайды

458

Кәдімгі құрғап жатқан шелек-бөшкесін аспап қылып, арыз әнін әуелетті.

Жамбылдықтар әуендетіп ауыз су сұрайды Фото: Ашық дереккөзден

Әндетіп ауыз су сұраған ауыл ансамблі. Жамбыл облысында талай жыл қара суға жарымаған жұрт билікке музыкалық сәлемдеме жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Кәдімгі құрғап жатқан шелек-бөшкесін аспап қылып, арыз әнін әуелетті. Бұқараның бүйтпеске амалы жоқ. Өйткені әйгілі Кенен Әзірбаев шыққан ауыл күні бүгінге дейін талай өнер иесінің шамын жаққан. Таланттар ауылы тіршілік нәрінен неге тарықты? Әкімдік не дейді?

Өңірдегі өнерпаздар ауылы билікке өкпелі. Өйткені ауылдағы ауызсу құжат бойынша бар көрінеді. Сайып келгенде құдық түгіл, тамшы суы да жоқ. Қарашаның ызасын келтіргені, елді мекенге су тартпаққа бірнеше рет қаржы қаралғаны. Нәтиженің жоғына налыған нөпір суға кеткен қыруар соманың сұрауы кімде деп күйінеді.  

Құдығы да, құбыры да кеуйіп тұр. Кенен ауылындағы көпшілік "судың сұрауы бар" дегенді тікелей түсінеді. Өйткені ішерге, жуынарға суын литрлеп үнемдейді. Енді бүтін бұқара тіршілік нәрін сонау бұлақ басынан күні-түні тасып жүр. Ал судың көзі ауылдан  2 шақырым әріде. 

Аталған ауыл 2 жыл бұрын облыстағы ең үздік елді мекен деп танылған. Сусаған жұрт суы жоқ ауылды көпке үлгі еткеніне езу тартады. Қызығы, Қордай ауданы әкімдігінің есебінде елді мекенге су тартылып қойған. Аудан басшысы да 3-4 рет бюджеттен қаржы бөлінгенін бұғып қалмады. Бар мәселе - ауылға нақты қажет су көлемі кезінде дұрыс есептелмей кеткен деп қайырды. 

"Кенен ауылында жерасты сулары зерттелмеген. Зерттелмей, бірталай ұңғымалар жасалған. Халыққа ол қымбат болғандықтан, ол жоба жабылған. 2021 жылы ауыл ішіндегі су жүйесі жасалған. Сонымен қосымша қаражат қарастырылып, Кенен ауылының ішінен су қоймасы салынған. 50 кубтық. Бірақ жерасты суы тартылып, судың мөлшері жоқ", деді Қордай ауданының әкімі Бекзат Болатбеков.

Енді ауыл басына 1000 кубтық тоспа салынбақ. Бірақ бұған қанша қаражат керегі де беймәлім. Әйтсе де әкімдік биыл бар тірлік тындырылады деп сендірді. Ал ауылдықтар мұндай аптап ыстықта ауыз сусыз бұлақ басына барып, амалдай тұрмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу