Жамбылдың Сарысу ауданында он жылдық үзілістен кейін каналдар тазаланды

120

Қазір Талас өзенінен су Аса өзені арқылы "Бөрібай-1" каналына жіберіле бастады. 

Жамбылдың Сарысу ауданында он жылдық үзілістен кейін каналдар тазаланды Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету үшін Жамбыл облысының Сарысу ауданында соңғы он жылда алғаш рет каналдарды тазалау жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазсушар" РМК Жамбыл филиалы Сарысу ауданындағы каналдарда механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар соңғы 10 жыл ішінде алғаш рет Талас өзенінен Байқадам, Игілік, Жаңаталап және Тоғызкент ауылдық округтеріне тұрақты су беруге мүмкіндік береді.

Қазір Талас өзенінен су Аса өзені арқылы "Бөрібай-1" каналына жіберіле бастады. Тазалау жұмыстарына Су ресурстары және ирригация министрлігі "Қазсушар" РМК-ның Жамбыл филиалына берген жаңа арнайы техникалары тартылған.

Сарысу ауданының тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстар үшін су шаруашылығы ведомствосына алғыстарын білдіріп жатыр.

"Жаңаталап, Байқадам, Игілік және Ұйым ауылдарына 10 жылдан бері су келіп жатқан жоқ. Біз "Қазсушардың" Жамбыл филиалы мен министрлікке "Бөрібай-1" каналын ашып беруге ұсыныс айттық. Соның нәтижесінде 2025 жылдың 25 желтоқсанынан бастап каналды тазалай бастады. Бұрын бұл жерде канал болған, алайда 10 жыл бойы тазаланбағандықтан көміліп қалған еді. Қазір арнайы техника бөлініп, канал қалпына келтіріліп жатыр. Су арнаға жіберілген соң, төрт ауылдың шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Себебі ауылдардағы мал шаруашылығының 80%-ы осы суға тәуелді. Былтыр климаттың қолайсыздығына байланысты жаңбыр, су болған жоқ. Десе де каналды тазалап, ауылымызға су жеткізуге қолдау көрсеткені үшін министрлік пен "Қазсушар" мекемесіне алғысымды білдіремін", – деді Жаңаталап ауылының тұрғыны Кенжебек Ынтымақов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу