Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Жәмиля Кенжетай шешендік өнердің EF Challenge халықаралық конкурсында топ жарды. Жарыстың осы түрі бойынша Қазақстанға бұйырған алғашқы жеңіс, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы агенттікке аталмыш білім беру ордасының баспасөз хатшысы Айжан Текенова мәлім етті.
"...Нәтижесінде 4600 қатысушының ішінен 25 елдің оқушыларының жұмыстары ғана іріктеліп алынды. Оның ішінде біздің Жәмиля топ жарып, финалға жолдама алды. Жобаның басты мақсат – кішкентай ғана істер арқылы адамзатқа өз пайдасын тигізуге болатынын көрсету. Бес жылдан бері өткізіліп келе жатқан аталмыш білім додасына Қазақстан алғашқы рет жеңіске жетіп отыр. Бұл ретте Жәмиляның жетекшісі ағылшын пәні мүғалімі Әсемгүл Ақылбайқызының еңбегін де атап өткен жөн, - дейді Айжан Текенова.
Қазіргі таңда Жәмиля Кенжетай тамыз айында Нью-Йорк қаласында өтетін "Жастар көшбасшыларының форумына" қатысуға дайындалуда.